ЕО – Орталық Азия: 20-шы министрлік кездесу Ашхабадта өткізілді
27 наурызда Түрікменстаның Ашхабад қаласында ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы Өкілі Кая Калластың төрағалығымен өткен «ЕО-Орталық Азия» 20-шы министрлік кездесуінде Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның бес елі өзара әрекеттестікті нығайту және ынтымақтастықты тереңдету бойынша берік саяси ұстанымдарын тағы бір мәрте растады. Кездесуге Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары қатысты.
Ортақ коммюнике мәтінімен осы сілтеме арқылы танысуға болады.
Министрлік кездесу 2023 жылғы қазан айында қабылданған ЕО-Орталық Азия байланыстарын тереңдету жөніндегі жол картасының бес негізгі бағытының іске асырылу үдерісін бағалауға мүмкіндік берді.
ЕО және Орталық Азия елдерінің министрлері ортақ стратегиялық мүдде тұрғысынан маңызды мәселелерді ашық талқылады. Оның ішінде сауда, көлік, су ресурстарын басқару, энергетика, климат өзгеруі, цифрландыру және аса маңызды шикізат сияқты салалардағы ЕО-тың «Global Gateway» стратегиясының Орталық Азиядағы флагмандық бастамалары аясындағы ынтымақтастық туралы сөз қозғалды. Тараптар білім беру, мамандыққа даярлау, ғылыми-зерттеу және біліктілікті арттыру салаларын қоса алғанда, адамдар арасында байланыстарды орнату бойынша ынтымақтастықты дамытуға міндеттенді.
Кездесу қатысушылары ЕО және Орталық Азия елдерінің БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын, атап айтқанда барлық мемлекеттердің тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын қолдауға бейілділігін растады. Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына сәйкес Украинада жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізудің шұғыл қажеттігін айтып, санкцияларды айналып өтумен күресте тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға уәде берді.
Сонымен қатар, қауіпсіздіктің ортақ сын-қатерлерімен, соның ішінде ұйымдасқан қылмыс, зорлық-зомбылық экстремизмі, радикалданумен күресте ынтымақтастықты тереңдету маңыздылығы, сондай-ақ, Ауғанстандағы оқиғалар сияқты аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы 4 сәуірде Самарқанд қаласында (Өзбекстан) өтетін тарихтағы алғашқы «ЕО-Орталық Азия» саммитіне дайындық мәселелері талқыланды. Саммит екі аймақ арасындағы тығыз стратегиялық ынтымақтастықты дамыту туралы саяси шешімді жоғары саяси деңгейде бекітетін болады.
Анықтамалық ақпарат
2019 жылы ЕО аймақтың артып келе жатқан стратегиялық маңыздылығын көрсететін Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) бойынша стратегияны қабылдады.
2019 жылдан бері ЕО пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық көптеген салаларда айтарлықтай ілгерілеп, орнықтылық, өркендеу мен тұрақтылық мақсатындағы серіктестіктің үлгісі болып табылады. ЕО-тың «Global Gateway» және «Жасыл мәміле» стратегиялары сияқты жаңа бастамалар «жасыл» және цифрлық көшудің негізін қалап, сауда, инвестиция мен өзара байланыстылық мүмкіндіктерін арттырады. Екіжақты қарым-қатынастар да Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде дамып, жетілдіріліп келеді. 2023 жылдың қазан айында ЕО пен Орталық Азия диалог және іс жүзіндегі ынтымақтастық арқылы тұтастай ЕО-Орталық Азия қарым-қатынастарын нығайтудың бес негізгі бағытын анықтайтын Байланыстарды тереңдету бойынша Бірлескен жол картасын қабылдады. Бұл Жол картасы ЕО пен Орталық Азияның өзара тиімді салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға деген бейілділігінің тағы бір көрсеткіші.